Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала аумағындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта салынып жатқан 60 пәтерлі 5 қабатты және 30 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Әкім мердігер мекемеге жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң сақтауды тапсырды. Жауапты сала басшыларына нысандарды үнемі бақылауда ұстап, тиісті шараларды қолға алу міндеттелді.
Сондай-ақ, “Оңтүстік” аумағындағы 55,5 гектар жердегі инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарының реттелуі бойынша нақты тапсырмалар берілді.
“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Қарнақ ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысымен де танысқан әкім, нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін атап өтті. 300 адамға арналған мәдениет үйі толық аяқталған соң ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады.
Қала басшысы барлық құрылыс нысандарын бақылауда ұстауды және жұмыс сапасына ерекше мән беруді жауапты тұлғаларға тапсырды.