
Кентау қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай С.Қожанов саябағында орналасқан «Азалы ана» ескерткіші маңында тағылымды мерекелік шара өтті. Отан үшін от кешкен батыр бабалардың рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Шараның ашылуында сөз алған қала әкімі Жандос Тасов майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне ерекше тоқталып, олардың рухын ұлықтау, әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
«Бүгінгі бейбіт өміріміз — кешегі қан майдандағы жауынгерлеріміз бен тылдағы қажырлы халықтың еңбегінің жемісі. Батырларымыздың көзін көріп жүрген ардагеріміз, қаламыздың мақтанышы Бадан Төребаев көкеміз арамызда. Бүгін біз сол батырларымыздың ерлігі мен тылдағы халықтың қажырлы еңбегінің арқасында бейбіт өмір кешіп отырмыз. Олардың ерлігі – мәңгілік, олардың есімі – жүрегімізде», деді қала басшысы.
Сондай-ақ, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов пен «Ардагерлер кеңесінің» төраға орынбасары Мамыржан Юлдашев сөз сөйлеп, ардагерлерге алғыс білдірді. Салтанатты шараға қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр бабалар рухына тағзым жасады.
Мерекелік іс-шара Ынтымақ алаңындағы концерттік бағдарламаға ұласты. «Ұрпаққа ұран болған — Ұлы Жеңіс» атты қойылым мен әсем ән-күйлер, билер көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Шараны қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары жоғары деңгейде ұйымдастырды.