Қала әкімі Жандос Тасов қаладағы жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының барысын бақылап, бірқатар нысандарды аралады. Атап айтқанда, қаладағы Сүйіндіков және Ш.Ниязов көшелерінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын назарға алды.
2025 жылы Кентау қаласы бойынша жалпы ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге септігін тигізбек.
Сонымен қатар, биылғы жылы “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында қалаға қарасты ауылдарға жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Қарнақ ауылындағы 5 көшеге және Хантағы ауылындағы тағы 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне оң әсерін тигізіп, инфрақұрылымның дамуына серпін бермек.
Қала әкімі жұмыс сапары барысында жауапты сала мамандарына жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөліп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, келешекте тағы да бірқатар көшелерге жөндеу жүргізу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.