Кентау қаласы Қарнақ ауылындағы Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейінде «Білімді жастар – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында республикалық және облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсеткен үздік оқушылар, олардың ата-аналары мен ұстаздары арнайы марапатталып, құрметке ие болды.
Салтанатты жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қатысып, оқушылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, алғыс сөзін арнады. Ол білім саласындағы табыстардың ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Мектеп оқушылары соңғы жылдары республикалық білім сайыстарында топ жарып, оқу ордасының еліміздегі «100 үздік мектептің» қатарына енуіне зор үлес қосты. 2024–2025 оқу жылында республикалық пәндік олимпиадаға қатысқан 36 оқушының 35-і жүлделі орындарды иеленіп, білім сапасының биіктігін дәлелдеді.
Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейде қазіргі таңда 62 сыныпта 1402 оқушы білім алуда. Мектеп ұжымында 160 жоғары білімді педагог қызмет етеді. Оқу орны дарынды балалармен жұмыс жасауда үздік тәжірибелерді енгізіп, жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.
Қалалық білім бөлімі мен білім беру ұйымдары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға барынша жағдай жасауда.