Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 Мамыр - бірлік күніне арналған “Ынтымағы жарасқан Кентау” атты мерекелік іс-шара ашық аспан астында кең көлемде ұйымдастырылды.
Бұл мейрам – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіріп, достық пен татулықты дәріптейтін ерекше күн. Мерекелік жиында сөз алған қала әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Бұл күн әртүрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіріп, өзара сыйластық пен достықты нығайтатын маңызды мейрам. Қаламызда сан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, туған жеріміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз әрі мақтанышымыз, – деді қала басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, қалалық маслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, этно-мәдени орталықтың төрағалары мерекемен құттықтап, елдің ынтымағын тіледі.
Шара барысында қаланың өнерпаздары түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық әндері мен билерін орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мереке аясында ел ішіндегі ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің, этносаралық татулықтың маңыздылығы айқын көрініс тапты.