Бүгінде ауылды жерлерде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осы салада табысты еңбек етіп жүргендердің бірі — Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Дархан Ташабаев.
Ол 2023 жылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 6 миллион теңге қаржы алып, жылыжай кәсібін бастаған. Бүгінде ол бастаған ісін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруда. Кәсіптің негізгі бағыты —қияр өсіру.
Кәсіпкер бұл шаруаны отбасылық кәсіпке айналдырған. Қазір олар өндірген өнімдерін Кентау мен Түркістан қалаларына жібереді. Сұраныстың көптігі соншалық, кейде өнім тек Кентау қаласы мен ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеумен шектеліп қалады.
Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім жиналады. Жалпы алғанда, бір жылда 10 тоннаға дейін қияр алады. Бастапқыда 11 соттық жерге қияр еккен шаруа бүгінде кәсібін кеңейтіп, қосымша 5 соттық жерге қызанақ жылыжайын салуды қолға алған.
Өз еңбегімен ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкердің табанды еңбегі өзгелерге де үлгі боларлық.