КЕНТАУДЫҢ МАҚТАНЫШЫ, АҚЫН МҰХИТ МАХАЖАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

КЕНТАУДЫҢ МАҚТАНЫШЫ, АҚЫН МҰХИТ МАХАЖАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
Кентау қаласында белгілі ақын, қаламгер Мұхит Махажановтың шығармашылық кеші өтті. Бұл кеш ақынның 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылып, оның әдебиетке қосқан үлесін атап өту мақсатында өткізілді.
 
Шығармашылық кешке қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ақынды мерейлі жасымен құттықтап, қала әкімінің құттықтау хатын табыстады.
«Кентау қаласын әрбір өлең сөздеріне қосып, жүректен жүрекке жеткізетін ақынын жерлестері қатты құрметтейді. Сіздің жазған шығармаларыңыз бүгінде ел аузында айтылып жүр. Біз ақыны мен батырын ерекше құрметтеген халықпыз. Әлі де жазар туындыларыңызбен баршамызды қуанта беретініңізге сенімдімін. Шығармашылығыңыз шыңдала берсін» деп, сый-құмет көрсетті.
 
Жиынға қаланың зиялы қауымдар өкілдері, студенттер, ұстаздар, өлең сүйер тыңдармандар қатысып, ақынның шығармашылық жолына қошемет көрсетті. Қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, қалалық «Шапалақ» театры әңімелерінен қойылым көрсетті.
 
Шығармашылық кеш барысында ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылып, оның өлеңдері оқылды. Кешке қатысушылар Мұхит Махажановтың шығармашылығына жоғары баға беріп, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.
 
Мұхит Махажанов 1965 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласындағы кен байыту фабрикасында еңбек еткен. Ақынның шығармалары «Қаратау тәжі», «Кентау маржандары», «Кентау – Қаратау тәжі» сияқты ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ, оның өлеңдері мен әңгімелері «Жалын», «Сарасөз» журналдарында және «Кентау шұғыласы», «Қазақ елі» газеттерінде жарияланып жүр. Мұхит Махажанов бірнеше қалалық және облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанған.
 
Мұхит Әбдәшімұлы қос жанрды бірдей алып келе жатқан қаламгер. Ол жүрегін жарып шыққан жалынды жырларымен бірге сабақты әңгімелер де жазады. Өмірдің өзінен көргенін, білгенін, көңіл елегінен екшеп өткізіп, қарапайым тілмен шынайы жазады. Оқырмандар арасында өзіндік орны бар, ақтарыла төгілетін сыршыл ақын.