ОБЛЫСТЫҚ «IT Jas IQ» РОБОТОТЕХНИКА БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ОБЛЫСТЫҚ «IT Jas IQ» РОБОТОТЕХНИКА БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы», Кентау қалалық Білім бөлімі және қалалық, “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен Кентау қаласында мектеп оқушыларының шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында облыстық «IT Jas IQ» робототехника және авиациялық техникадан байқауы өтті.
 
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, инженерлік машықтарын қалыптастыру, робототехника және бағдарламалау саласындағы білімдерін арттыру, сондай-ақ зерттеушілік қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.
 
Байқауға жалпы және мамандандырылған білім беру ұйымдарының 8-9 сынып оқушылары арасынан 20 өтінім түсіп, 12 команда Түркістан облысының аудан-қалаларынан қатысып, өзара бақ сынасты.
 
Шараның ашылуына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, оқушылардың өз қолдарымен жасаған роботтарынан құралған көрме де ұйымдастырылды.
 
Байқау үш кезең бойынша өтті: қатысушылар Arduino платформасында роботтар құрастырып, оларды бағдарламалады, сондай-ақ Arduino жиынтығымен жасалған машиналарды кедергілерден өткізу арқылы өз шеберліктерін көрсетті. Оқушылар стандартты алгоритмдер мен бағдарламалық шешімдерді сәтті орындады.
 
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар: «ҚАЗЫҒҰРТ» командасы – 1 орынды иеленді. Кентау қаласының «ROBOKENT» командасы – 2 орынды, «ШАРДАРА» командасы – 3 орынды жеңіп алды. Қалған қатысушы командаларға марапаттар ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді.