КЕНТАУ ҚАЛАСЫНА ҚАРАСТЫ БАЙЫЛДЫР АУЫЛЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНА ҚАРАСТЫ БАЙЫЛДЫР АУЫЛЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздегі ауыл-аймақтарды қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда Кентау қаласында көгілдір отынға алғашқы болып қосылған Байылдыр ауылында үлкен қуаныш.

Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Биыл облысымыз үшін де, оның ішінде Кентау қаласы үшін де жемісті жыл болды деуге болады. Қазіргі таңда Кентау қаласы толықтай көгілдір отынмен қамтылуда. Оған бүгінгі ауыл тұрғындарының қуанышы. Қалада алғашқы ауыл ретінде газға қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қаншама уақыттан бері пеш қолданып, от жағып, жылына кемі 7-8 тонна көмір жағатын ауыл тұрғындары көгілдір отынның келгеніне дән риза. Қуанышты тұрғынның бірі ардагер ұстаз Оңласын Рысқұлова.

«Байылдыр ауылына келін болып түскеніме 45 жылдан асып келеді. Үш баламнан немере көріп отырған әжемін. Үйімізге көгілдір отын келіп, балаларым үшін қатты қуанып отырмын. Осындай игі істі қолға алған облыс және қала басшылықтарына алғысым шексіз» дейді.

Айта кетейік, Кентау қаласында 18000 абоненттің 15319 абоненті (85%) табиғи газ жүйесіне қосылған. Бүгінгі таңда, Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылында 12 шақырымды құрайтын газ құбыры жүргізілді. Байылдыр ауылында 1620 халық және 360 жеке тұрғын үй бар.