АРМЫСЫҢ ӘЗ-НАУРЫЗ, КЕНТАУДА ДУМАНДЫ ТОЙ ӨТТІ

АРМЫСЫҢ ӘЗ-НАУРЫЗ, КЕНТАУДА ДУМАНДЫ ТОЙ ӨТТІ

Кентау қаласы «Ынтымақ» алаңында Ұлыстың ұлы күніне арналған, табиғатқа жан бітіріп, жаңа өмір лебін әкеліп, айналаны құлпыртатын әз-Наурыз мейрамы әдеттегідей ерекше сән-салтанатымен өтті. Ашық аспан астында киіз үйлер тігіліп, тұрғындардың жүзінде қыстан аман шығып жыл басы саналатын Наурызға жеткен қуаныштың жүздері байқалады. Мерекелік шара ең алдымен ұлттық дәстүрлерді айшықтайтын «Кемелденген Кентауда Әз-Наурыз» театрландырылған мюзикл көрінісімен бастау алды. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыстық ерекшеліктері көрермендерге кеңінен көрсетілді.

Құттықтау сөз алған қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, елдің амандығымен, мәңгі бейбіт заманды тіледі.

«Біздің жерлестеріміз ежелден қонақжайлылығымен, ізгілігімен және ақ ниеттерімен белгілі. Бұл қасиеттер, әсіресе, Наурыз мерекесінде айқын көрінеді. Ата-бабамыз көктемгі күн теңесу сәтінде өткен жылды қорытындылап, болашаққа жоспар құрып, берекелі істерін бастаған. Қадірлі жерлестер! Жалпыға ортақ мерекеміздің жарқын дәстүрін сақтай отырып, ата-баба даналығын жалғастырайық. Ұлыстың ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін! Әр шаңырақ шаттыққа бөленсін. Ортақ Отанымыз – Қазақстан жасай берсін! Әз Наурыз құтты болсын!» деді Жандос Қалмырзаұлы.

Алаңда қаланың спортшылары түрлі ұлттық ойындардан сайыстар өткізіп, халық арасынан мықтыларды анықтаса, мейрамханалар арасында ұлттық тағамдарды әзірлеуден байқау ұйымдастырылды. Одан бөлек, әрбір киіз үйде ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрыптарымыз насихатталып, тұрғындарға наурыз көже мен бауырсақтар таратылды.

Наурыз мерекесінде қала әкімі бірқатар бүлдіршіннің тұсауын кесіп, басқан қадамдары ашық, мақсаттары айқын, елдің мықты тұлғалары болып қалыптасуына тілек білдірді. Қаланың орталық алаңында өткен мерекелік шара ата-бабадан жалғасқан сабақтастықтың айнасы екенін айқындады. Бұл мейрам елді біріктіретін, жаңаруға жетелейтін ұлы күн.
Мерекелік шара мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.