
“Наурызнаманың онкүндігі” аясында 21 Наурыз - Ынтымақ күні береке, бірлік, татулықтың үлгісін көрсеткен кентаулықтар қара тал көшеттерін отырғызды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, Ынтымақ күніндегі ауызбіршіліктегі ынтымақты іске алғыс білдірді.
Одан бөлек, қалалық маслихат депутаттары, қалалық “Amanat” партиясы, қаланың зиялы қауым өкілдері, полиция қызметкерлері, ұлағатты ұстаздар, барлық саладағы мемлекеттік қызметкерлері мен мекеме жұмысшылары, спортшылар мен қала жастары қатысып қаланың көгалдандыруына атсалысты.
Қаланың кіре беріс бағытындағы жол бойына 6 жүзден аса қара тал көшеттері егілді. Қала әкімімен бірге тал еккен егіз балалар Бекарыс пен Жанарыстың қадамын жақсылыққа балап, елағалары ақбатасын берді.
Осылайша Ұлыстың ұлы күні жасыл желекті Кентаудың көгалдануына үлес қосқан шарада көпшілікке ақдастархан жайылып, көже таратылды.