КЕНТАУДА «ҚАЛА КҮНІН» 2 ҚАЗАНДА АТАП ӨТУ ЖОСПАРЛАНУДА

КЕНТАУДА «ҚАЛА КҮНІН» 2 ҚАЗАНДА АТАП ӨТУ ЖОСПАРЛАНУДА
КЕНТАУДА «ҚАЛА КҮНІН» 2 ҚАЗАНДА АТАП ӨТУ ЖОСПАРЛАНУДА
 
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті апталық жиын өтті. Жиында екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ақнұр Байболова баяндама жасап, 2 қазан күні «Қала күні» мерекесін атап өтуге байланысты жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Мереке қарсаңында қала кәсіпкерлері мен демеушілерді тарта отырып, «Кентау қаласы үшін 71 игі іс» қайырымдылық және әлеуметтік бағыттағы бастамасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған жоба аясында қала тұрғындарына қолдау көрсетуге және қаланың әлеуметтік ортасын жақсартуға бағытталған бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар жиында «Мансап» орталығының басшысы Нұркен Бекбаев 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында Кентау қаласы бойынша 3 369 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Оның ішінде: ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында – 169 жұмыс орны, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы бойынша – 564 жұмыс орны, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы – 789 жұмыс орны, қайтарымсыз гранттар есебінен – 62 жұмыс орны, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы – 1 785 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Орталық басшысы аталған бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады.
Жиында көтерілген мәселелерді қорытындылаған қала әкімі «Қала күні» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруды және қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ жауапты сала басшыларына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, іс-шаралардың ұйымдастырушылық және техникалық талаптарға сай өтуін қамтамасыз етуді міндеттеді.