МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА КӘСІБІН ӨРКЕНДЕТІП ОТЫРҒАН КӨПБАЛАЛЫ АНА

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА КӘСІБІН ӨРКЕНДЕТІП ОТЫРҒАН КӨПБАЛАЛЫ АНА
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА КӘСІБІН ӨРКЕНДЕТІП ОТЫРҒАН КӨПБАЛАЛЫ АНА
 
Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсұлу Батырбекова мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, өз кәсібін тұрақты түрде дамытып келеді. Кәсіпкер бұдан бес жыл бұрын үй жағдайында бастаған ісін бүгінде шағын өндіріске айналдырып, қала тұрғындарына табиғи әрі сапалы ет өнімдерін ұсынып отыр
Нұрсұлу Әбдіхалыққызы балалардың денсаулығына ерекше мән беріп, құрамында зиянды қоспалары жоқ, сапалы өнім әзірлеуді мақсат еткен. Осылайша шұжық дайындау кәсібін қолға алып, тәжірибесін арттыру үшін Алматы қаласынан келген аспазшының шеберлік сағатына қатысқан.
«Мен балаларымның тамақтануына ерекше мән беремін. Сол себепті таза өнімнен жасалған шұжық дайындауды қолға алуды ойладым. Алғашында үй жағдайында өзім үшін жасап жүрдім. Кейін бұл іске қызығушылығым артып, кәсібімді дамыта бастадым. Қазір өз тәжірибеммен бөлісіп, басқа қалалардағы қыз-келіншектерге де үй жағдайында шұжық дайындау әдістерін үйретіп жүрмін», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің «Адал үй шұжығы» өнімдерін дайындауда сиыр және тауық еті, қойдың майы пайдаланылады. Сондай-ақ өнімге қажетті қоспалар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сәйкес алынған дәмдеуіштер қосылады. Ет арнайы тапсырыспен алынып, кәсіпкердің өзі заманауи құрылғылардың көмегімен өңдеп, шұжық түрлерін дайындайды.
Бүгінде Нұрсұлу Батырбекова 12 түрлі шұжық өнімін әзірлей алады. Кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-жабдықтарын толықтырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алған.
Сапалы әрі қолжетімді өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда кәсіпкердің өнімдері Кентау қаласымен қатар Түркістан, Шымкент, Алматы және Сәтбаев қалаларына да жеткізіледі.
Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, отбасылық кәсіпті дамытып отырған көпбалалы ананың бұл бастамасы – еңбекқорлық пен іскерліктің жарқын үлгісі. Бүгінде оның кәсібі отбасылық табыс көзі ғана емес, сапалы отандық өнім өндіруге бағытталған тұрақты іске айналып отыр.