
Бүгін қала әкімі Жандос Тасов Хантағы ауылындағы аудандық маңызы бар «Хантағы – Каратау қорығы» автомобиль жолы бойында орналасқан көпірді реконструкциялау жұмыстарының барысын бақылады.
Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айта кету керек, аталған жоба аясында ұзындығы 54,2 метр, ені 6 метр болатын жаңа көпір салынып, 200 метр жол жабыны жаңартылады. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи көше жарықтандыру жүйесі орнатылады. Көпір құрылысы 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Жұмыс барысын қадағалаған қала басшысы Жандос Тасов бұл инфрақұрылымдық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Жауапты бөлімдер мен мердігер мекемеге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, бекітілген кестеге сай мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.