Кентау қаласында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған облыстық кездесу-семинар өтті.
Іс-шараны Кентау қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшысы Сейфуллин Құрықбаев жүргізді. Кездесудің спикері Бекбосынов Ермек Төленұлы, халықаралық құқық маманы.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы, мемлекеттік қызметте адалдық пен әдеп қағидаттарын сақтау, қоғамда ашықтық пен заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар Конституцияның негізгі қағидаттары, Халықтық кеңестің қызметі, алдағы саяси науқан – Құрылтай сайлауы, азаматтық жауапкершілікті арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Жиынға қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен ауыл әкімдіктері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері, мекеме басшылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлермен пікір алмасты. Іс-шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтіліп, адалдық құндылықтарын дәріптеу мен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.