КЕНТАУДА САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Кентау қаласында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобына кіретін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Кентау қаласы электр желілері қызметкерлері инвестициялық бағдарлама аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Жұмыс барысында Кентау қаласында орналасқан МТП-14, ТП-23, ТП-24, ТП-96, ТП-4, ТП-65, ТП-66, КТПН-78, ТП-74 және КТПН-39 10/6/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларында кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімі Жандос Тасов қаланы сапалы электр энергиясымен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жауапты мекеме директоры Бағлан Мырзахметов жыл басынан бері жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Қала басшысы тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелеп, сапалы атқаруды тапсырды.
Қаладағы электр желілерін жаңғырту барысында күштік трансформаторлар мен электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсетіліп, тозығы жеткен жабдықтар ауыстырылды, тарату құрылғылары ретке келтіріліп, қосалқы станциялардың техникалық жай-күйі жақсартылды.
Аталған жұмыстар электр жүктемесінің артуына байланысты туындайтын тәуекелдердің алдын алуға, тұтынушыларға берілетін электр энергиясының кернеу сапасы мен сенімділігін арттыруға, сондай-ақ апаттық жағдайлардың туындау ықтималдығын төмендетуге бағытталған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Кентау электр желілері алдағы уақытта да электр желілерін жаңғырту және жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастырып, өңір тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.