Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Кентау қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік және құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары алдымен Қарнақ ауылындағы құрылысы аяқталуға жақын Мәдениет үйі мен салынып жатқан спорт кешенін аралаудан басталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары қаладағы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру және әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтқанда, №7 Кәсіптік колледж, №17 Ә.Науаи атындағы жалпы орта мектебі, Дарын мектебі, «Жұлдыз» балабақшасы және «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Әбілханұлы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, барлық құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы қажеттігін атап өтті.
Сапар аясында Кентау қаласы әкімдігінде арнайы мәжіліс өтті. Жиын барысында облыстық басқарма басшылары қаладағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер бойынша баяндама жасап, бірқатар түйткілді мәселелер талқыланды.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейту, құрылыс саласындағы жұмыстарды жүйелеу, заңсыз салынған нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін сапалы аяқтау міндеттелді.