КЕНТАУҒА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІм

КЕНТАУҒА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІм

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары жұмыс сапарымен Кентау қаласына келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Іссапар барысында халық қалаулылары алдымен Хантағы ауылындағы Үсенбаев көшесінде салынып жатқан көпір құрылысына барды. Биыл бастау алған жоба 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған көпір ауылды «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығына апаратын жолмен байланыстырып, туризм саласының дамуына серпін береді. Жоба аясында көпір жарықтандыру жүйесімен толық қамтылып, оның жалпы ені 10 метрді, ал жол жүру бөлігі 6 метрді құрайды.

Бұдан кейін депутаттар құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалған Хантағы демалыс аймағының жай-күйімен танысты. Бұл нысан тұрғындар мен туристердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды демалыс орны болмақ.

Сонымен қатар, халық қалаулылары Кентау қаласындағы Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолмен байланыстыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан қайта жаңғырту жобасының орындалу барысын бақылады. Қала әкімі Жандос Тасов аталған жоба бойынша жан-жақты мәлімет беріп, құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жолдың жалпы ені 16 метрді құрайды.

Жоба аясында екі жақты жарық бағаналары мен жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Ұзындығы 2,35 шақырым болатын төрт жолақты автомобиль жолы І санат талаптарына сәйкес салынуда.

Жұмыс сапары барысында депутаттар қаладағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Бүгінде Кентау қаласында 348 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 33 көпқабатты тұрғын үй ауласын кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде заманауи балалар ойын алаңшалары, спорттық және футбол алаңдары салынып, тұрғындарға арналған “Street Workout” жаттығу құрылғылары орнатылуда.

Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары қалада бой көтеріп жатқан ірі спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін мыңға жуық тұрғынның күн сайын спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Халық қалаулылары құрылыс сапасы мен жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Нысандарды аралау қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы көлемі және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Қалада жүзеге асырылып жатқан жобаларға оң бағасын берген облыстық мәслихат депутаттары алдағы уақытта да қаладағы құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.