
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасы қаладағы Жастар саябағында өтіп, оған қала әкімі Жандос Тасов, бөлім және мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен белсенді тұрғындар қатысты.
Сенбілік барысында саябақ аумағы күл-қоқыстан тазартылып, қураған шөптер орылды, ағаштар мен жасыл желектердің айналасы ретке келтірілді. Қатысушылар қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі іске белсене атсалысты.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы сенбілікке белсенді қатысқан барша тұрғындарға алғысын білдіріп, туған қаланың тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалық шараларына тұрақты түрде қатысуға шақырды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар Кентау қаласында жүйелі түрде жалғасып, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты жүргізіледі.