
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында 26 маусым – Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесінің айналымына қарсы күрес күніне орай облыстық деңгейдегі айлық іс-шаралардың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Тіленшиев, Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында қатысушылар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, қоғам қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік бағдарлама аясында спорттық және арнайы жасақтың көріністері көрсетіліп, кинологиялық қызметтің қойылымдары ұсынылды. Сондай-ақ, өнерпаздар патриоттық әндер орындады.
Айлық аясында облыс көлемінде түрлі мәдени, спорттық және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.