
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ғасыр жасаған тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Бимолда Амангелдиевтің шаңырағына арнайы барып,
9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында қала әкімі ардагердің ел болашағын тәрбиелеу жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне ризашылығын білдіріп, соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан білім саласында аянбай еңбек еткенін ерекше атап өтті.
«Сіздердің өмір жолдарыңыз бен ерен еңбектеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Елдің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестеріңіз әрдайым құрметке лайық» – деді қала әкімі.
Ардагер Бимолда Амангелдиев көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.
Бимолда Амангелдиев 1926 жылдың 1 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келген. 1935-1944 жылдары Киров атындағы орта мектепте білім алған. 1944-1947 жылдары педагогикалық училищеде оқып, кейін білімін Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жалғастырған.
1953 жылы Оқу министрлігінің жолдамасымен Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына жіберіліп, еңбек жолын қазақ тілі пәнінің мұғалімі әрі оқу меңгерушісі қызметінен бастаған.
Еңбек жолында: 1953-1955 жылдары – Созақ ауданында қазақ тілі мұғалімі және оқу меңгерушісі; 1955-1956 жылдары – Кентау қалалық комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі; 1957-1965 жылдары – Кентау қаласындағы мектеп-интернатта қазақ тілі пәнінің мұғалімі; 1965-1967 жылдары – Кентау қаласындағы №2 мектепте мұғалім; 1968-1986 жылдары – Түркістан қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.
Бүгінде ардақты қария 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған 20 немере мен 14 шөберенің қызығына бөленіп отыр.
Ғасыр жасаған ардагердің өнегелі өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегі – жас ұрпаққа үлгі, елге құрмет.