КЕНТАУЛЫҚТАР 9 МАМЫР – ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІН АТАП ӨТТІ

КЕНТАУЛЫҚТАР 9 МАМЫР – ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІН АТАП ӨТТІ

Кентау қаласындағы С.Қожанов саябағында орналасқан “Азалы ана” ескерткіші маңында 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған тағылымды іс-шара өтті. Мерекелік жиында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, батыр бабалардың рухына тағзым жасалды.

Салтанатты жиынға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, қалалық Ардагерлер үйі төрағасының орынбасары Мамыржан Юлдашев, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов, “Қарулы Күштерінің ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Тәңірбергенұлы Алдабергенов қатысып, мерекелік құттықтау сөз сөйледі.

Жиында сөз алған азаматтар сұрапыл соғыс жылдарында ел мен жерді қорғау жолында жанын қиған батырлардың ерлігі мен қайсарлығы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, бейбіт өмір мен ел тыныштығының қадірін ұғындырып, кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

«Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен бірлігінің айқын көрінісі. Майдан даласында ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің жанқиярлығы мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі, бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Батыр бабалардың ерлігі әрдайым ұрпақ жадында сақталады», – деп атап өтті шара барысында.

Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар “Азалы ана” ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына құрмет көрсетті. Сонымен қатар, қала әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен тыл еңбеккерлері С.Қожанов саябағына тал отырғызу шарасына қатысты.

Бұл күн – ерлік пен елдіктің, батырлық пен тағзымның символы.