
Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжінде «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Кәсіби бағдар беру – мамандық таңдаудағы тиімділік» тақырыбында жиын өтті.
Жиынға қала әкімі Жандос Тасов, партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаев, сондай-ақ білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының өкілдері, медицина және білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар мен жұмыс беруші кәсіпорындар қатысты.
Онлайн форматта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева қосылып, «ITeachMe» жобасы аясындағы құзыреттер туралы ақпарат берді.
Қала әкімі өз сөзінде «Шексіз мүмкіндік» жобасының ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге бағыт-бағдар беріп, олардың болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал ететін маңызды бастама екенін атап өтті.
Жиын барысында кәсіби бағдар берудің маңыздылығы, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, ерекше білімді қажет ететін жастарды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу аясында бірқатар кәсіпорын өкілдері колледж түлектерімен сұхбаттасып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырды. Іс-шара қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.