
Кентау қаласында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша мәжіліс өтті. Жиында өндірістік кооперативтердің жұмысын жандандыру, жеңілдетілген несиенің тиімділігін арттыру және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды тұрақты табыс көзіне бағыттау мәселелері қаралды.
Жиында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы төрағалық етті. Мәжіліске жауапты бөлім басшылары, ауыл әкімдері, кооператив төрағалары мен кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ жиынға Түркістан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова және «Ырыс» МҚҰ-ның Кентау қалалық филиалының аймақтық несие сарапшысы Дилноза Ташпулатова қатысты.
Жиын барысында бағдарлама аясында қаржыландырылған жобалардың бүгінгі жағдайы сараланып, кооперативтердің жұмысы мен ауыл тұрғындарын кәсіпке тарту тетіктері талқыланды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім өткізу нарығын кеңейту және кәсіпкерлерді қолдау бағыттары бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы отбасыларды анықтап, оларды жұмыспен қамту, кәсіпке бейімдеу және мемлекеттік қолдау шараларына тарту арқылы «C» санатына көтеру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.