ҚАЛА ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЛА ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚАЛА ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
 
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Ащысай ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Кездесу ауыл орталығында ашық аспан аясында ұйымдастырылып, еркін форматта өтті. Жиын барысында тұрғындар коммуналдық инфрақұрылымға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, кәріз жүйесін жаңғырту, ішкі көшелердің жағдайын жақсарту, көше жарығын толық қамту, сондай-ақ ауылға инвестиция тарту мәселелері көтерілді.
Қала әкімі әрбір тұрғынның өтінішіне жеке тоқталып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, аталған мәселелер бақылауға алынатыны жеткізілді.
Айта кету керек, Ащысай ауылында өткен жылы бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Ауыл ішіндегі көше жарықтары реттеліп, өрт бекеті толықтай жаңартылды, ауылдағы елді-мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып, бұдан бөлек, балаларға арналған заманауи ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді.
Қала әкімі алдағы уақытта да ауылдың инфрақұрылымын дамыту, ауылдың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.