
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды тал отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Игі бастамаға қала әкімі Жандос Тасов, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукен, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және белсенді жастар қатысып, қала аумағын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Шара С.Қожанов атындағы саябақта өтіп, шырша түп ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл бастама қаланың жасыл желекті келбетін жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған.
Қалаға жұмыс сапарымен келген Есен Баймұханбетұлы өз сөзінде қоршаған ортаны қорғау, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, әсіресе жастарды туған өлкенің тазалығын сақтауға, табиғатты аялауға және көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Өз кезегінде қала әкімі Жандос Тасов мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізіп, қала тұрғындарын ортақ іске жұмыла атсалысуға үндеді.
Кентау қаласының тазалығы мен жасыл желегін арттыру – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.