
Кентау қаласында қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жиналыс барысында екі негізгі мәселе қаралды.
Алдымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұр Байболова Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнамалардың сақталу барысы жөнінде баяндама жасады. 2025–2026 жылдары қала аумағындағы коммерциялық нысандарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 32 нысанның сыртқы жарнамалары талапқа сәйкестендірілді. Сондай-ақ, 70-ке жуық дәмхананың ас мәзірін мемлекеттік тілге аударуға әдістемелік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, көше атаулары жазылған тақтайшаларды ретке келтіру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Келесі кезекте, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Мақсат Баймбетов 2026 жылғы суға шомылу маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады. Атап айтқанда, 25 наурыз бен 5 сәуір аралығында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №12 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен және ерікті жастармен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, «Суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелері» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды. Алдағы уақытта су айдындары маңына билбордтар орнату және шомылуға тыйым салынған жерлерге ескерту белгілерін қою жоспарлануда.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі Жандос Тасов жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, тіл заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, сондай-ақ суға шомылу кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды уақытылы әрі сапалы орындау міндеттелді.