
Бүгін қала әкімі Жандос Тасов Қарнақ ауылына барып, бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Аралау барысында әр сала бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Алдымен, 300 орындық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болған қала әкімі нысанның ауыл тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, нысан аяқталу кезеңіне жақындаған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан мәдениет үйі көрермен залы, сахна және қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылмақ.
Сонымен қатар, Қарнақ ауылын табиғи газбен қамту жобасының жүзеге асырылу барысы да назардан тыс қалмады. Жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын газ құбырының бүгінде 55 шақырымына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Жоба толық іске асқанда 3 мыңнан астам тұрғын үй көгілдір отынға қосылады.
Қарнақ ауылында қазіргі таңда 15 680 тұрғын бар. Осыған байланысты қала әкімі аталған жобаның маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Сапар барысында өндірістік парк аумағы да қаралды. Қарнақ ауылында жүзеге асырылып жатқан өндірістік парк жобасы аясында кәсіпкерлердің бастамалары қолдау тауып, құрылыс жұмыстары басталған. Инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, жылыжай кешені мен жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысы қолға алынған.
Жалпы, қала әкімі Жандос Тасов барлық нысандар бойынша жұмысты жүйелі жүргізіп, белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды жауапты тұлғаларға нақты тапсырма ретінде жүктеді.