ӘЗ-НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ШОҚТАС АУЫЛЫНДА КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ

ӘЗ-НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ШОҚТАС АУЫЛЫНДА КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ

Хантағы ауылына қарасты Шоқтас елді-мекенінде Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы ерекше мазмұнда, жоғары деңгейде аталып өтті. Шуақты көктемнің шырайлы күндері ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті.

Мерекелік шара барысында ауыл тұрғындары бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп, киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген кең дастархандар жайылды. Ақ дастархан басында ұлттық тағамдар ұсынылып, Наурыз көжеден дәм таратылды.

Шараға қатысқан Хантағы ауыл әкімдігі мен ауыл ақсақалдары тұрғындарды мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді. Өз кезегінде олар Наурыз мейрамының тағылымы мен тәрбиелік мәніне тоқталып, ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығының маңызын атап өтті.

Кентау қаласының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, мың бұралған бишілердің өнері мейрамның сәнін келтірді. Ұлттық салт-дәстүрлер жаңғыртылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, шара барысында бүлдіршіндердің тұсау кесер рәсімі ұйымдастырылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ізгі тілектерін арнады. Бұл игі дәстүрлер арқылы әз-Наурыз мейрамының мән-маңызы кеңінен насихатталды.

Мерекелік думан барысында ауыл тұрғындары бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болып, шаттық пен қуанышқа бөленді. Ұлыстың ұлы күні ауыл өміріне ерекше серпін беріп, ынтымақ пен бірлікті нығайтқан мейрамға айналды.