
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өткізді. Жиында маңызды үш мәселе қаралды.
Алдымен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Серік Қайрат Кентау қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және өзекті мәселелер туралы баяндама жасады. Баяндамашы қоғамдық орындардағы тазалық талаптарының сақталуы, жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, мониторинг жұмыстары мен түсіндіру іс-шаралары жөнінде ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы. Бұл жөнінде қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ердәулет Сапарбайұлы баяндама жасап, тұқым қоры, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы, егіс алқаптарын суару мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәлімет берді. Көктемгі науқанды уақытылы әрі сапалы өткізу бойынша жоспарланған жұмыстар нақтыланды.
Үшінші мәселе ретінде қала аумағын абаттандыру және көктемгі ағаш отырғызу маусымына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Искаков баяндап, санитарлық тазалық, көшелер мен саябақтарды ретке келтіру, аллеялар мен жасыл аймақтарды көбейту бағытындағы шараларға тоқталды.
Қаладағы Қ.А.Ясауи аллеясының абаттандыру жұмыстарына қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, қаладағы Д.Қонаев даңғылы, Абай даңғылы мен Әл-фараби, Ш.Уалиханов көшелерінде орналасқан аллеяларына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Баяндамашыларды тыңдаған қала әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстарды жүйелендіруді және белгіленген мерзімде сапалы орындауды тапсырды. Әрбір бағыт бойынша нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу, тұрғындармен кері байланысты күшейту және жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.