Заңсыз орнатылған сауда дүңгіршектердің пайда болуы қаланың сәулеттік келбетіне, абаттандыру деңгейіне және қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, қалада мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тиісті мекемелер тарапынан жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру тек жергілікті атқарушы орган бекіткен орындарда және тиісті рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Түсіндіру жұмыстарының негізгі бағыты – кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға заң талаптарын алдын ала түсіндіру. Бұл ретте, заңсыз дүңгіршек орнатқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 және 505-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгені туралы ақпарат беру маңызды.
Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында күнделікті қала әкімінің орынбасары Б.Шәріпбеков және жауапты бөлім басшылары кәсіпкерлерге тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Аталған жұмыстарды жүйелі жүргізу заңсыз дүңгіршектердің санын азайтуға, кәсіпкерлік қызметтің заңды түрде жүзеге асырылуына және қаланың абаттандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі