КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кентау қаласының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау және түсіндіруге арналған кеңес өтті.
Жиынға ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, «Amanat» партиясы Кентау қаласылық филиалының және құқық орган өкілдері қатысты.
Кеңесті ашқан қала әкімі Жандос Тасов жаңа Конституция жобасының ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерген болатын.
Бұл реформа саяси жүйені кешенді жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Қала әкімі 8 қазанда Президенттің парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойғанын еске салды.
Осы кезеңде Жұмыс тобы азаматтардан келіп түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, жан-жақты қарастырды. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы аталған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз көзқарасын ұсынды.
«AMANAT» партиясы Кентау қаласы филиалының хатшысы Арман Басаров Конституцияның жаңа жобасында Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау басты орынға қойылғанын баяндады.
Конституция тармақтарының жаңа редакциясы жан-жақты әрі тиянақты пысықтаулардан өткенін, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың өкілеттіктері бекітілетінін, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылатынын жеткізді.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жаңа Конституция елдің тұрақты, қауіпсіз және орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Ол жоба қоғам мүддесін толық қамтуы үшін барлық азаматтарды талқылау процесіне белсенді қатысуға шақырды.

Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі