БАЙЫЛДЫР АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

БАЙЫЛДЫР АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
Қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен қалаға қарасты ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны өтті. Жиын барысында Ащысай, Байылдыр, Хантағы және Қарнақ ауылдарының әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға жоспарланған жобалар жөнінде баяндама жасады.
Ащысай ауылында алдағы кезеңде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, балалар ойын алаңшасын салу, ауыл көшелеріне жарық шамдар мен жарық сымдарын жаңарту, көпқабатты тұрғын үйлерге құрылыс жұмысын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау аясында ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыстар атқару жоспарланған.
Байылдыр ауылы 2025 жылы облыстық «Үздік ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, осы жетістіктің аясында ауылда жаңа заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынбақ. Бұл жоба ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға мол мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауыл көшелеріне балалар ойын алаңшасын салу, айналма жол бойына жарық бағаналарын орнату, ауыл ішіндегі жарықтандыру жүйесін толық жаңарту, Абай және Ж.Жангелдин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ ауыл көшесі бойында саябақ демалыс аймағын құру жоспарланып отыр.
Хантағы ауылында экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Визит орталығының» құрылысы жоспарланған. Аталған орталықта туристерге арналған қонақ үйлер мен демалыс орындары қарастырылып, келушілерге Қаратау қорығы аумағымен танысуға мүмкіндік беріледі. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген Қаратау арқары, ителгі құсы және өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі насихатталатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.
Бұдан бөлек, ауылда жол құрылысы, тұрғындарға арналған демалыс аймағын салу және мал тоғыту орнын орналастыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Екі мың жылдан астам тарихы бар Қарнақ ауылы – ауыл шаруашылығына бейім елді мекен. Ауылда спорт кешенін салу, газ құбырларын жүргізу жұмыстарын жалғастыру, жаңа аймақтарға инженерлік инфрақұрылым тарту, өрт сөндіру бекеттерін құру секілді бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған.
Қала әкімі ауылда құрылған өндірістік аймаққа жергілікті кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын күшейтуді және жоспарланған ірі ауыл шаруашылығы жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.
Жиын қорытындысында қала әкімі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындаудың қажеттігін атап өтті.
✔️Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі