
Бүгін қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиында күн тәртібіне сәйкес екі мәселе қаралды.
Алдымен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Төлегенов көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан дайындық жұмыстары мен қауіпі бар аймақтар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, су тасқынына қарсы іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қала аумағындағы су қоймаларының техникалық жағдайы және елді мекендердің дайындығы жан-жақты зерделеніп, жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Келесі кезекте қалалық ветеринариялық қызмет ШЖҚ МКК басшысы Нұрсұлтан Зейнолла мекеменің өзекті мәселелері мен 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Баяндамасында қала аумағында үй жануарларын чиптеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, иттер мен мысық иелері үй жануарларын есепке алу жүйесіне тіркеуге міндетті. Бұл жұмыс микрочип енгізу арқылы жүзеге асырылады. Жануардың мойын немесе жауырын тұсына енгізілетін микрочипте екпелері, айрықша белгілері, ауру тарихы және өзге де қажетті мәліметтер сақталады. Аталған ақпаратты чиптің штрих-кодын сканерлеу арқылы анықтауға болады.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі су қоймаларының жағдайын қатаң бақылауда ұстауды, су режимін дұрыс реттеуді, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді, сондай-ақ иесіз жүрген үй жануарларын тіркеуге алып, уақытылы екпе егу және дәрілеу жұмыстарын жүргізуді тиісті сала басшыларына тапсырды. перевод орысша