КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Өмірін адал еңбекке, ел игілігіне арнаған ардагерлер – өткен күннің тірі шежіресі, тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі. Аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет» атты мазмұнды кездесу өтті.

Өзекті мәні бар шараға қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Үсенбек Рахметұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов, ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және қала жастары қатысты.

Кездесу «Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде» өткізілді. Алдымен оқу орынның фойесінде ардагерлерді құрметпен қарсы алудан басталды.

Шара мәжіліс залында жалғасып, ардагерлермен ашық форматта мазмұнды сұхбат өрбіді. Еңбек майталмандары өмір жолындағы елге қызмет ету, адалдық пен адамгершілік жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.

Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы ардагерлерді сыйлау – қоғам мен ұрпақтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, ақ жаулықты аналар мен ағалардың қоғамда жас буынға берер әсері мол екенін айта өтті.

Шара барысында жастар ардагерлерге отбасылық құндылықтар мен өмір жолында алған сабақтары жөнінде сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды. Әжелер алқасы дайындаған сахналық көріністе қазақтың «Аунату» дәстүрі көрсетіліп, жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің мәні кеңінен насихатталды.
Кездесу өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.