ӨТКЕН ЖЫЛЫ КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ «МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ» АРҚЫЛЫ 6 328 АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

ӨТКЕН ЖЫЛЫ КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ «МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ» АРҚЫЛЫ 6 328 АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бөлімдер мен мекемелердің 2025 жылы атқарған жұмыстары және 2026 жылға жоспарланған жобалардың орындалуы бойынша есептерін тыңдауды бастады.

Жиын барысында Кентау қалалық «Мансап орталығы» КММ-нің басшысы Нұркен Бекбаев «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады.

Баяндамада айтылғандай, 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 6 186 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш артығымен орындалып, жалпы 6 328 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 4 220 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 2 108 азамат уақытша жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, өткен жылы жоспарға сәйкес 88 азаматқа мемлекеттік гранттар берілген. Қазіргі таңда олар өз кәсібін дамытып, табыс көзін қалыптастырып отыр.

Сала бойынша есеп берген мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған қала әкімі бірқатар көрсеткіштердің төмен деңгейде орындалғанын сынға алды. Атап айтқанда, жұмыстың баяу жүргізілуі, ауыл әкімдіктерімен өзара байланыстың әлсіздігі, сондай-ақ тұрғындарды уақытша жұмыс орындарына тарту шараларының жеткіліксіз деңгейде жүзеге асырылғаны айтылды.

Осыған байланысты қала әкімі мекеме басшысына және тиісті бақылаушы бөлім басшыларына биылғы жылы мұндай кемшіліктерге жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағытындағы шараларды күшейтіп, көрсеткіштердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.