
Кентау қаласы әкімдігінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешенін зерделеу бағытындағы жұмыстарға арналған жиын өтті.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырбек Мейірмановтың қатысуымен өткен басқосуды Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Медеуов ашып, жүргізді.
Жиында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал шаруашылығы өнімділігін арттыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес, жайылым жерлерді мақсатты әрі тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар, жоспарланған ветеринариялық нысандарды салу үшін жер учаскелерін айқындау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мал өнімділігі мен өнім сапасын арттыру мақсатында қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу, оның тиімділігін арттыру және қамту ауқымын кеңейту мәселелері де жан-жақты қаралды. Аталған бағыт бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі мен ветеринариялық қызмет өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды.
Жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларына лента тағу жұмыстарын жүргізу мәселесі көтерілді. Бұл шаралардың жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу мәселесі қаралып, жануарларды есепке алу, бақылау және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар пысықталды.