КЕНТАУДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

КЕНТАУДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Кентау қаласында «Қош, келдің, Жаңа жыл!» атты мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Мерекелік шараға әлеуметтік осал топтағы балалар, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 100-ден астам оқушы қатысты.

Салтанатты жиында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Қала басшысы өз сөзінде балалардың жарқын болашағы – ел дамуының басты кепілі екенін атап өтті.

«Сіздерді шаттық пен қуанышқа толы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – әрбір баланың жүрегіне үміт ұялататын, арман мен ғажайыпқа сендіретін ерекше мейрам. Бүгінгі әсем безендірілген шыршаның жанында жиналуымыз, сіздерге деген қамқорлықтың, жарқын болашаққа деген сенімнің айғағы. Сіздер еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тірегісіздер. Сондықтан сіздердің бақытты балалық шақтарыңыз бен алаңсыз күлкілеріңіз біз үшін аса қымбат. Жаңа жыл сіздерге мол білім, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер әкелсін!» – деді қала әкімі.

Шара барысында қала әкімінің атынан балаларға арнайы жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.
Мерекелік іс-шара аниматорлар, ертегі және қуыршақ кейіпкерлері мен өнерпаздардың әсерлі қойылымдарымен басталды. Балалар жаңа жылдық шыршаны айнала қоршап, ән айтып, би билеп, театрландырылған қойылымдарды тамашалап, ерекше көтеріңкі көңіл күйге бөленді.

Айта кетейік, аталған мерекелік шара жас өрендерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың жаңа жылды шаттық пен сенімге толы көңіл күймен қарсы алуына мүмкіндік берді.