
Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Кентау қаласына келіп, қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Шараға қала әкімі Жандос Тасов, әкімдік аппаратының қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, құзырлы орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттардың өңірде іске асырылу барысы кеңінен талқыланды.
Жиынды қала әкімі Жандос Тасов ашып, күн тәртібіне қойылған мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Одан кейін қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов сөз алып, Жолдау аясында Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қолға алынған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Баяндамада қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, жол бағытындағы жұмыстар жайы қамтылды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов Жолдауда көрсетілген әрбір бағыттың қоғам үшін маңызын атап өтіп, әсіресе жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және ел бірлігін нығайту мәселелеріне тоқталды.
Кездесуде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерге тоқталып, елімізді цифрландыру, инновацияларды қолдану, экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту, білім және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытындағы саяси бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар ол «Заң мен тәртіп» идеологемасының, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларының әділ қоғам құрудағы рөліне ерекше назар аударды. Мәлік Отарбаев қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, ел игілігі жолындағы бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.