
Кентау қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының оқытушыларымен бірлесіп, қала әкімі Жандос Тасовтың қолдауымен мемлекеттік қызметкерлерге арналған көшпелі семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында қатысушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара әрекеттесу стратегиялары, мемлекеттік саясаттың мәні мен бағыттарын дұрыс түсіндіре отырып сауатты сұхбат беру, мемлекеттік органның атқарып жатқан жұмысын қоғамға жүйелі жеткізу тетіктері түсіндірілді. Сонымен қатар көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, тұрғындардың сауалдары мен өтініштеріне ресми әрі нақты жауап беру, әлеуметтік желілерде мемлекеттік органның брендін қалыптастыру және халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру мәселелері қарастырылды. Хат алмасу кезінде қысқа, нақты әрі мазмұнды жауап дайындау тәсілдері де оқыту бағдарламасына енгізілді.
Семинарда мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен тиімді коммуникация орната білуі, атқарылып жатқан жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық жеткізуі және халыққа қажетті ақпараттың қолжетімді болуының маңызы ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің даму әлеуетін күшейту үшін азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын, мәселелерді уақтылы әрі тиімді шеше алатын қабілетті мемлекеттік аппарат қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Көшпелі семинар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға, коммуникациялық мәдениетін жетілдіруге және қоғаммен ашық, тиімді байланыс орнатуға бағытталған маңызды шара болып табылады.