ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – ЗАУЫТТАҒЫ БАСТЫ ПРИНЦИП

ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – ЗАУЫТТАҒЫ БАСТЫ ПРИНЦИП

Кентау трансформатор зауыты – еліміздің электр техникасы саласындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл зауыт ел экономикасының энергетикалық жүйесін тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Өндірістік желілердің үздіксіз жұмыс істеуі, шығатын өнімнің сапасы мен сенімділігі – онда еңбек етіп жүрген мыңдаған мамандардың жауапкершілігі мен кәсібилігінің нәтижесі. Солардың қатарында ұзақ еңбек жолымен ерекшеленетін жұмысшылардың бірі – Үсен Қонысбаев.

Үсен Қонысбаев – Кентау трансформатор зауытында 20 жылдан бері оператор болып жұмыс істеп келеді. Өндіріс саласына алғаш келген күннен бастап ол осы күрделі әрі маңызды істің қыр-сырын меңгеріп, білікті маманға айналды. Қазіргі таңда өндіріс жүйесінің барлық кезеңін қадағалайды.

Трансформатор құрастырудың бастапқы процесінен соңғы сынаққа дейінгі әрбір сатылы жұмыс бақылаудан өтеді. Үсеннің айтуынша, жұмыста дәлдік пен ұқыптылық бірінші орында.

Үсен Қонысбаев осы талаптардың орындалуын ұдайы назарда ұстайды, тәжірибесі аз қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп отырады. Ол еңбек ететін ауысымда 16 адам жұмыс істейді. Әрқайсының өз міндеті бар, ал үйлесімділік пен нақты үйлестіру – бүкіл ауысым жұмысының сапасына әсер етеді.

Үсен Қонысбаев сияқты ұзақ жылдар бойы бір салада еңбек еткен мамандардың тәжірибесі зауыт үшін де, жас қызметкерлер үшін де үлкен мектеп. Кентау трансформатор зауытының бүгінгі жетістігі – осындай қарапайым еңбек адамдарының еңбегі.