
Кентау қаласының энергетикалық инфрақұрылымында маңызды орын алатын «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 1934 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін қала тұрғындары мен ұйымдарын жылумен қамтамасыз етіп келе жатқан стратегиялық мекемелердің бірі болып саналады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 352 адам жұмыс істейді. Кентау қалалық «Кентау Сервис» МКК-да тәжірибелі мамандар өте көп. Солардың бірі – қазандық және турбина цехының бастығы Азамат Башеков.
Оның еңбек жолы мен күнделікті жауапкершілігі – қаланың әрбір үйіне, әрбір әлеуметтік нысанға жылудың тоқтаусыз жетуіне тікелей ықпал ететін маңызды қызмет.
«Жылу маусымы басталды. Жылу маусымына жақсы дайындықпен кірдік. Қазіргі таңда 3 қазандық пен 2 турбина тұрақты жұмыс істеп тұр. Сағатына 8–9 МВт электр қуатын өндіріп жатырмыз. Жедел персонал ауысыммен жұмыс жасап, әр ауысымда 13–14 адам кезекшілік етеді», – дейді ол.
Энергия өндірісі – үздіксіз еңбек пен жоғары жауапкершілік талап ететін сала. Қазандық пен турбинаның әр минуттық жұмысы – жүздеген техникалық параметрдің тұрақты бақылауда болуын қажет етеді. Осындай ауыр әрі маңызды міндетті атқарып жүрген мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен сергектігі – тұтас қаланың тынысын ұстап тұрған тірек.
Азамат Башеков басқаратын цехта еңбек ететін жұмысшылар тәуліктің кез келген уақытында өндірістің тұрақты жүруін қадағалайды. Олардың әрқайсысы – өз ісінің шебері, техникалық қауіпсіздік пен технологиялық тәртіпті қатаң сақтайтын білікті кадрлар.