
Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, қала әкімі Жандос Тасовтың қатысуымен «Ел қорғаны – қуатты әскер» тақырыбында кең ауқымды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери борыш пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын ұғындыру, ел тыныштығын қорғауға деген ынта мен жігерді арттыру болды.
Кездесуге Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Қуаныш Кулумбаев, Түркістан гарнизоны басшысы, 99210 әскери бөлімінің командирі подполковник Талғат Мажимбеков, 5574 әскери бөлімінің рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лейтенант Әрсен Дәуренұлы, 35748 әскери бөлімінің артиллериялық дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Мұрат Манабаев, сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, полиция майоры Марат Бимаханов қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.
Алғы сөзінде қала әкімі Жандос Тасов: «Отан алдындағы борыш тек әскерге барып келумен шектелмейді. Ол – елге адал қызмет ету, өз ісіңмен халқыңа пайда тигізу. Дегенмен, әрбір ер азамат үшін әскер – үлкен өмір мектебі. Онда тәртіп, төзім мен жауапкершілік қалыптасады. Ұлы батыр Бауыржан Момышұлының “Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды” деген ұлағатты сөзі осының айғағы. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін біліп, ел тыныштығын сақтау – бәріміздің ортақ парызымыз. Нағыз патриот болу – сөзбен емес, іспен дәлелденеді», – деп жастарды ел мен жердің нағыз қорғаушысы болуға үндеді.
Кездесу барысында әскери салада қызмет етіп жүрген елағалары әскер өмірінің қыр-сырымен бөлісіп, әскери қызметтің қоғамдағы рөлін, әскери тәртіптің адамды өмірге дайындайтын мектеп екенін атап өтті. Сонымен қатар, әскери оқу орындарына түсу тәртібі мен қабылдау шарттары, жастарға арналған мемлекеттік жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау түрлері туралы жан-жақты түсіндірме берілді.
Жиын аясында қатысушыларға арнайы СОБР жасағының қызметтік көріністері көрсетіліп, жауынгерлердің кәсіби дайындық деңгейі мен шұғыл әрекет ету тәсілдері таныстырылды. Бұл көріністер жастардың қызығушылығын арттырып, әскерге деген құрмет пен сенім сезімін оятты.
Еркін форматта өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әскери сала өкілдерінен нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Іс-шараның соңында жиын семинар-тренинг түрінде жалғасын тауып, патриоттық ойындар мен топтық жаттығулар ұйымдастырылды. Мұнда жастардың өзара ынтымақтастығын арттырып, командалық рухты күшейтті.
Кездесу қорытындысында қала әкімі бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Кентаулық жастар үшін бұл жиын – отансүйгіштік сезімді терең ұғынуға, өз елінің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етуге деген ниетті қалыптастыруға үлкен серпін берген тағылымды басқосу болды.