АЛДАҒЫ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

АЛДАҒЫ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.

Алғашқы болып қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Данияр Байсейтов баяндама жасап, қала аумағындағы нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәліметінше, Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде жүргізілген мониторинг жұмыстары нәтижесінде 25 нысан бойынша заңбұзушылықтар анықталған. Аталған нысандар жөнінде материалдар қалалық полиция бөліміне жолданып, тиісті шаралар қабылданған. Бүгінгі күнге дейін заңсыз салынған 16 нысан бұзылып, 19 нысанның меншік иелеріне әкімшілік айыппұл салынған. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Искаков баяндама жасады. Ол қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысы туралы мәлімет беріп, қала тазалығына жауапты мекемелердің дайындығына тоқталды.

Қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жолдарды қардан тазалау және тайғақтың алдын алу мақсатында арнайы тұз себу жұмыстары үшін 10-ға жуық техника толық дайындықтан өткізілген. Сонымен қатар, қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін арнайы бригадалар жасақталған. Бригадалардың бірі — қала көшелерін қар мен мұздан тазалау, екіншісі — қураған және қауіпті ағаштарды кесу, ал үшіншісі — жолдарға құм себу жұмыстарын жүргізетін болады.

Жиынның соңғы бөлімінде қала аумағындағы ретке келтірілмеген аймақтар, тазалық пен абаттандыруға қатысты мәселелер қаралды. Бұл ретте қала әкімі тиісті бөлім басшыларына жұмыстарды жүйелеуді, анықталған кемшіліктерді жоюды және қысқы маусымға толық дайындықты қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.