КЕНТАУДА «БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ-ЕЛ БОЛАШАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ШАРА ӨТТІ

КЕНТАУДА «БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ-ЕЛ БОЛАШАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ШАРА ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Кентау қаласының 70 жылдығы аясында, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өткізілді.

Шараның мақсаты – қоғамда өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту, этностар арасындағы достықты дәріптеу, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөлін кеңінен насихаттау.

Жиынға Кентау қаласы және қалаға қарасты ауылдарда қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту,жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық тобы мүшелері қатысты.

Игі шарада достық туын биік ұстаған елдің жарқын болашағы жайында ой қозғалып, осы сәтке дейінгі атқарылған жұмыстар баяндалды.
Қаладағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы жастарды бірлік пен бауырмалдықты қадірлеуге, ортақ Отанның өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Ал Кентау қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы өз сөзінде елдің ең басты байлығы бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана қоғамның дамуы мен тұрақтылығы қамтамасыз етілетінін жеткізді. Сондай-ақ, славян этномәдени бірлестігінің өкілі қазақстандық бірегейлік пен азаматтық келісімнің маңыздылығына тоқталып, барлық этностардың ынтымақтастығы мен өзара сыйластығы ел дамуының берік негізі екенін айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы өнегелі істері және қоғамның рухани дамуына қосқан бірқатар азаматтарға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Жиын соңында қатысушылар ел бірлігін сақтау мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы игі бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, бірлік пен татулықтың мәңгілік құндылық екенін жеткізді. Шара соңында ұйымдастырылған мерекелік концертте қала өнерпаздары әсем ән мен ұлттық билерден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.