
Кентау қаласында “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы аясында және қала аумағын көгалдандыру мақсатында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға үш мыңға жуық қала тұрғыны, мемлекеттік және мекеме қызметкерлері, еріктілер және қала жанашырлары қатысты.
Сенбілік барысында тұрғындар қаланың көшелері мен арықтар, қоғамдық аумақтарды тазалап, 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 17 арнайы техника тартылды.
Сонымен қатар, сенбілік аясында Кентау қаласына кіреберіс аймақта ағаш отырғызу акциясы өтті. Табиғатты қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында өткізілген бұл игі шарада екі мыңға жуық тал көшеттері егілді.
Шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Қала әкімі өз сөзінде белсенділік танытқан қала тұрғындарына алғысын білдіріп, мұндай шаралардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Жалпы қалалық сенбілік пен ағаш отырғызу шарасы Кентау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.