КЕНТАУДЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

КЕНТАУДЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Биыл Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Осы мереке аясында ұлттық рух пен сөз өнерін дәріптеген ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Шара Түркістан облысы әкімдігінің, «AMANAT» партиясының және Кентау қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 16 танымал айтыскер ақын бас қосып, жыр додасында бақ сынасты.
Айтысты белгілі айтыскер, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Тұрар Тлеулиев жүргізді.

Айтыста Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов,«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық өнерді ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Жыр додасында ақындар Кентаудың өткені мен бүгіні, қаланың жетістігі, ел бірлігі, жастар мен руханият тақырыптарын жырларына арқау етті. Одан бөлек, әзіл мен сын араласқан, өткір ойға толы шумақтар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының құрамында ҚР мәдениет қайраткері Әбілхаир Сыздықов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ләззат Сарыбаева, мәдениет саласының үздігі Бекмұрат Анарбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші Аязбек Рүстамов, мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы болды.

Олар айтыскерлердің тапқырлығына, суырыпсалмалық қабілетіне және көркемдік шеберлігіне баға берді.
Көрерменнің көңілін көтеріп, сөз додасында суырылып шыққан жеңімпаздар: Бас жүлде – Бекарыс Шойбеков иеленсе, I орын – Нұрмат Мансұр, II орын – Дидар Қами мен Ақмарал Леубаева, III орын – Нұрзат Қару, Сезимхан Шугайв, Даурен Ақсақалов және Нұрдаулет Өмірбек ие болды.

Сонымен қатар, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында бірнеше арнайы аталымдар бойынша марапаттар табыс етілді: «Жарқынбек Наушабеков» атындағы жүлде – Ердәулет Ибраев, «Тәушен Абуова» атындағы жүлде – Сіламхан Мұхамедхан, «Әселхан Қалыбекова» атындағы жүлде – Нұрмахан Жақыпбек, «Қаныбек Сарыбаев» атындағы жүлде – Шахмардан Бекарысұлы, «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы жүлде – Ержан Амиров, «Көпбай Омаров» атындағы жүлде – Жанарыс Ибадулла, «Әбдікерім Манап» атындағы жүлде – Аян Ниязбек, «Кентау қаласы әкімінің арнайы жүлдесі» – Нұртілеу Төленбек марапатталды.

Кентаулық көрермендер айтыс өнерін сағынып келгенін байқатты. Сөз майданына түскен ақындарға зор қолдау білдіріп, қошемет көрсетті.

Айтыс – халық рухын көтеретін, ұлт намысын ұлықтайтын өнер. Осындай ауқымды рухани шаралар Кентаудың 70 жылдық мерейтойын ерекше мәнмен толықтырды.