
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті лездемелік жиын өтті. Жиында екі өзекті мәселе қаралды.
Алғашқы болып қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалымжан Андосов Кентау қаласындағы мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы туралы есеп берді.
Қала бойынша 7450 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың ішінен 220 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданған.
Атап айтқанда: қоғамдық жұмыстарға – 52 адам, жастар практикасына – 11 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 7 адам, «Күміс жас» жобасына – 1 адам, тұрақты жұмыс орындарына – 58 адам, мемлекеттік грантқа – 27 адам, «Бастау Бизнес» жобасына – 64 адам.
Сонымен қатар, 13 мүгедектігі бар азаматтың жаңа бизнес-идеялары мемлекеттік грант арқылы қаржыландырылған.
Келесі баяндаманы Қалалық мансап орталығының басшы міндетін атқарушы Жақсылық Қайдауов ұсынып, «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар мен жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі ұдайы бақылауда. Кентауда халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту, негізгі басым бағыттардың бірі.