
Кентау қаласы Қарнақ ауылында қаланың 70 жылдығы және 25 қазан – Республика күніне орай “Қозғалыс – өмір көзі, спорт – денсаулық кепілі!” ұранымен жүгіру марафоны ұйымдастырылды.
Марафонға 10 жастан 70 жасқа дейінгі қала және ауыл тұрғындары қатысып, 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Қатысушылар өздерінің төзімділігі мен ептілігін, спортқа деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Шараның басты мақсаты – спортты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жаппай қозғалыс мәдениетін арттыру болды.
Марафонға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұқаралық спортты дамыту бағытындағы марафонға қатысушыларға алғысымды білдіремін.
Спорт – денсаулық кепілі. Баршаңызға достық жеңісін тілеймін”, – деді қала әкімі.
Жарысқа 200-ге жуық қатысушы, соның ішінде көршілес аудандардан келген спортшылар да қатысты.
Жас санаттары бойынша үздік атанған жеңімпаздарға марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.