ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, қаланың орталық бөлігіндегі маңызды жобалардың бірі – Ынтымақ алаңындағы жол жөндеу жұмыстары назарға алынды.


Аталған аумақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында заманауи талаптарға сәйкес сапалы құрылыс материалдары қолданылып, бүгінгі таңға асфальт төселуде. Сонымен қатар тұрғындардың көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында 40 автокөлікке арналған жаңа автотұрақтың құрылысы да қарастырылған.


Қала әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, белгіленген мерзімнің сақталуын тапсырды. Жоспар бойынша орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне дейін толық аяқталуы тиіс.


Жандос Тасов өз сөзінде бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына және мердігер мекемеге құрылысты уақытылы, сапалы әрі тұрғындарға қолайсыздық тудырмай жүргізуді міндеттеді.